Қара Ертіске бекіре оралды. Өткен аптада өзенге Сібір бекіресінің бір жасар 500 дарағы жіберілді. Балықтардың әрқайсының салмағы 1,5 келіге дейін тартады. Мақсат - жойылып кеткен балық түрін қайта көбейтуді қолға алу. Тәжірибе сәтті іске асса, мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Осылайша «Қызыл кітапқа» енген су жануарының санын көбейтуге болады деген пікірде..

Жеңісбек Кәрібаев - осы Қара Ертістің жағасындағы Қалихан қыстағының тұрғыны. Ежелден ата-бабасы мекен еткен жерде ширек ғасырдан астам жеке кәсібін өркендетіп келеді. Оның айтуынша, Сібір бекіресі – Ертіс өзенін мекендейтін балықтардың ежелгісі. Оны аулауға тыйым салынғанына 40 жылға жуық уақыт өтті. «Сібір бекіресінің генін таза қалпында сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру аса маңызды» , - дейді ақсақал.

Сібір бекіресі Зайсан мен Ертісті ежелден мекендеген. Алайда өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы су электр стансаларының салынуы әдетте Сібір мен Алтай арасында өрлеп-құлдап жүретін балықтардың жоғары өрістеуіне тосқауыл болған. Енді міне әлдеқашан жойылып кеткен балықтың бұл түрі Боран ауылы мен Зайсанды жалғастыратын көпірдің астына жіберілді. Бұл жұмысты облыстағы бекірені қолдан өсірумен айналысатын іргелі кәсіпорындардың бірі «Ost Fish» ЖШС қолға алған.

Жергілікті халық үшін де, Зайсан көлі мен Қара Ертіс өзенінің экожүйесі үшін де маңызы зор шараға Шығысқа жұмыс сапарымен келген экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты. Ол Сібір бекіресінің тарихи мекеніне оралуы өте құптарлық бастама екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ведомство басшысы қазір балық өсіремін дегендерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар екенін жеткізді.