Облыстық қоғамдық кеңес жанынан байланыс мәселелері мен «IT» жөніндегі жаңа комитет құрылған болатын. Комитет мүшелері алыс жақын аудандарға барып интернет пен байланыс мәселелеріне мониторинг жүргізіп үлгерген. Осы орайда аталмыш мәселерді бір жақты шешу үшін Өскемен қаласында комитет мүшелері байланыс операторларының өкілдерімен дөңгелек үстел басында бас қосты. Бұл аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен қолға алынды.

Комитет мүшелері осыған дейін әр ауданға барып, халық тарапынан байланыс пен интернетке қатысты ойларын тыңдап қайтқан болатын. Бүгінгі таңда Катонқарағай, Алтай, Глубокое, Ұлан аудандарында кездесу өткен. Алдағы уақытта Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарына бару жоспарланып отыр. Өткен шарада бірқатар мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Кездесудің басты мақсаты – облыс аумағындағы және алыс жақын ауылдардағы интернет мәселесін жақсарту.

Бұл дөңгелек үстел алғаш рет өткізіліп отыр. Басқосуға «Транстелеком», «Қазақтелеком», «Алмат Тел Қазақстан» АҚ және Altel, Tele 2, Билайн байланыс операторларының өкілдері қатысты.

Байланыс пен интернет мәселелерін біржақты шешіп, оны жақсарту үшін байланыс операторларымен жұмыс әлі де жалғасын таппақ.