Шығыс Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік секторда елімізде жетекші орынға ие. 2024 жылы облыс шұжық өндірісі бойынша 16,2%-дық көрсеткішпен бірінші орынға шықты. Сондай-ақ, қымыз өндірісі 34%, ал бал өндірісі 50%-ға артқан. Аймақ өнімдері табиғи болғандықтан да нарықта жоғары сұранысқа ие. Осылай деген облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова өңірдің агросаладағы жетістігін айтты.
Катонқарағай ауданынан шыққан бал еліміздің басқа өңірлеріне де белгілі. Өткен жылы Қазақстанның Интеллектуалдық меншік ұлттық институты Катонқарағай балын, Күршім және Тұғыл аудандарынан шыққан балық өнімдерін географиялық көрсеткіш ретінде заңмен тіркеп, қорғауға алды. Енді бұл атаулар тек арнайы сертификаттары бар өнімдерге ғана беріледі.
2024 жылы аймақта агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалар аясында сүт өнімдері фермаларының құрылыс жұмыстары аяқталды. Алтай ауданында - 2, Ұлан ауданында - 1 және Шемонаиха ауданында - 3 ферма іске қосылды. Жоба аясында 37,2 мың тоннаға дейін сүт өндірісін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында облыс бойынша сүт өндірісі 239 мың тоннадан асып, 2023 жылмен салыстырғанда 5,8%-ға артқан. Ауыл шаруашылығының басқа да көрсеткіштері оң нәтижелерге қол жеткізіп, жалпы өндіріс көлемі 458,5 миллиард теңгеге жеткен.