Аймақта өз қызметін ұйымдастырған бірнеше қаржы пирамидасы анықталды. Жеңіл жолмен пайдаға кенелмек болған тұрғындар шығынға батқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдері мәлімдеді. Департамент өкілдері қазіргі таңда Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында ауқымды шараларды қолға алған. Мақсат – тұрғындарлың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Департаментт өкілдері брифингте аймақта заңсыз қызметін ұйымдастырған төрт қаржы пирамидасы анықталғанын айтты. Тергеу нәтижесінде, бұл ұйымдардың Қазақстан аумағындағы қызметі заңсыз екені дәлелденіп, басшыларына қатысты сот үкімдері шыққан.

Алайда ең үлкен резонанс тудырған жағдай – «Asar Baspana» ұйымына қатысты. Ол өзін тұтынушылық кооператив ретінде көрсетіп, мыңдаған адамның қаржысын қалтасына басқан.

Алаяқтар салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс табатындықтарын айтып, уәде еткен. Алайда, бұл жүйенің тек кооперативке енді қосылған азаматтардың қаражаты есебінен ғана жұмыс істегені анықталды.

Тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде 1 479 тұрғын қаржы пирамидасының құрбаны болған. Келтірілген шығын көлемі 300 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.