Аймақтағы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен өткен жылы «Telegram» мобильді қосымшасында «EgovKzBot2.0» чат-боты іске қосылған болатын. Сол арқылы азаматтар «Уәкілетті органға өтініш» функциясын қолдануға мүмкіндік алды. Тың бастама аясында азаматтар мемлекеттік мекемелерге бірден өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, көрсетілген қызмет сапасына қатысты шағымдарын жолдай алады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің шығыстағы департаменті платформа арқылы түскен өтініштер мен шағымдар тұрақты бақылауда екенін айтады. Тың бастаманың іске қосылуы қызмет көрсету сапасын арттыруға және туындаған мәселені жедел шешуге мүмкіндік берді.
«Telegram» арқылы өтініш беру мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам. Қазіргі заманғы технологияларды пайдалану мемлекеттік сервистердің қолжетімділігін арттырып, олардың ашықтығы мен тиімділігіне ықпал етеді. Әрі азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтады.