Биыл елде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Жаңартулар халықтың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұдан бөлек, қандай жаңашылдықтар бар? Әріптесім, Бекарыс Секен баяндайды.
Қазіргі таңда республика бойынша тұрғындардың 87,6 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан өткен. Дегенмен, елде әлі де 2,6 миллионға жуық адам жүйеден тыс қалып отыр. Ал, облыста сақтандырылмаған тұрғындардың үлесі 11 пайыз, яғни 80 мыңнан аса адам. Соңғы бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 25 пайызға азайған. Мамандар мұны жүйеде енгізілген оң өзгерістердің нәтижесі деп отыр.
Айнаш Қапанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Біріктірілген негізгі медициналық көмек пакеті күшіне енді. Негізгі өзгерістер скринингтер тегін медициналық көмек көрсетілуі қосылды. Сақтандыру мәртебесі қарамастан мақсатты қолжетімді болады. Және де тегін медициналық көмек пакетіне инсульт пен эпилепция пациенттерін емдеу және бақылау кірді.
Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс жүйедегі жеңілдік кезеңінің ұзартылуы. Кемінде бес жыл бойы жарна төлеп келген азаматтар төлемдерді уақытша тоқтатқан жағдайда алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұл әсіресе жұмыссыз қалған немесе табысынан айырылған азаматтар үшін маңызды.
Ирина Степанова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚОФ директорының орынбасары:
Медициналық ұйымдармен жасалатын келісімшарттар бір жылдық мерзімге бекітіледі. Олар Денсаулық сақтау министрлігі бөлген қаражат аясында жүзеге асады. Дегенмен, келісімнің ай сайынғы орындалуы маусымдық жағдайларға байланысты қайта қаралуы мүмкін. Мәселен, жаз айларында дәрігерлердің еңбек демалысына шығуы немесе ауруханалардың жөндеу жұмыстарына жабылуы қаржыландыру көлеміне әсер етеді. Осыған байланысты тараптар қосымша келісімдер жасай отырып, жыл бойы жоспарды реттеп отырады.
Мемлекет бұрынғыдай халықтың әлеуметтік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастырады. Олардың қатарына балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер мен мүгедектігі бар адамдар кіреді.
Әсем Елеубекова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
Егер емханада пациенттерді қолдау қызметі кейбір мәселелерді шеше алмаса, онда сұрақты бас дәрігер деңгейінде қарастыруға болады. Пациенттер бас дәрігердің немесе оның орынбасарының қабылдауына жазыла алады. Әдетте мәселелердің 95 пайызы осылай шешіледі. Ал кейбір жағдайларда қосымша квота бөлу, шетелдік емдеуге жолдама беру немесе басқа медициналық орталықтарға жіберу қажет болуы мүмкін. Мұндай мәселелер денсаулық сақтау басқармасы арқылы шешіледі.
Мамандардың айтуынша, енгізілген өзгерістер әділеттілік пен ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген. Жүйенің мақсаты әрбір азаматқа уақытылы, сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету.
Бекарыс Секен